2022 жылғы ҰБТ-дегі өзгерістер туралы
Қаңтар айындағы ҰБТ-ға тіркелу жалпы 24.12-05.01.22 аралығында ашылған болатын, еліміздегі жағдайға байланысты және талапкерлердің мүдделерін ескере отырып тіркелу мерзімі ұзартылды, яғни 21.01.22 дейін тіркелу ашық. Және де барлық аймақ бойынша 21-22 ақпан күндеріне қосымша тіркелу күндері ашылды.
Сондай-ақ ҰБТ-ны өткізу мерзімі 10 қаңтар мен 10 ақпан аралығынан 25 қаңтар мен 22 ақпанға ауыстырылды.
Тестілеу "бір тестіленуші – бір компьютер – екі камера" қағидаты бойынша өткізіледі (бұған дейін бір камера). Оқуға түсушінің жұмыс орнында негізгі камерадан басқа, тестіленушінің дыбысын жазу және қозғалысын тіркеу үшін қосымша алдыңғы веб-камера орнатылады.
Биыл Қазақстан тарихы пәні тест тапсырмаларының құрамына контекст мәндегі тест тапсырмалар енгізілді.
Тестілеуге қатысу өз қалауымен жүзеге асырылады. Тестілеу құны- 5640 тг. Әр тестілеуге қатысам деушілер өтініштерді ҰТО сайтындағы https://app.testcenter.kz/ жеке кабинет арқылы онлайн режимде береді. Тестіленушілер тестілеу күнін және орынын өздері таңдайды.
Тестілеу уақыты – 240 минут (4 сағ). Тестіленушілер дәстүрлі түрде 3 міндетті пәнді (Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы) және 2 бейіндік пәнді тапсырады. Тест тапсырмалар саны -120. Жоғары балл саны-140.
2022 жылғы ҰБТ-гі өзгерістер:
1) Тестілеу "бір тестіленуші – бір компьютер – екі камера" қағидаты бойынша өткізіледі (бұған дейін бір камера). Түсуші тестілеу жүйесіне әрбір кіру және шығу кезінде, компьютерде орнатылған фронтальды камера арқылы адам бетінің көлемдік-кеңістіктік формасының сканері арқылы авторизациялаудан өтеді;
2) Тестілеу кезінде электр қуаты ажыратылған жағдайда немесе тестілеу жазбасы жүргізілмейтін басқа да форс-мажорлық жағдайларда, тестілеуді тоқтата тұру және ауыстыру туралы акт жасалады;
3) Мүгедек балалар және мүгедектер (көру, есту, тірек-қимыл аппаратының функциялары бұзылған) тестілеуге қосымша 40 минут уақыт беріледі;
4) Қазақстан тарихы пәні тест тапсырмаларының құрамына контекс мәндегі тест тапсырмалар енгізілді (2021 жылы олар тек бейіндік пәндерде болды);
5) Шығармашылық дайындықты талап ететін білім беру бағдарламалары тобына түсушілер үшін тестілеу ұзақтығы өзгертілді, тестілеу уақыты - 70 минут (бұрын 65 минут);
6) Тестілеудің бейнебақылау жазбаларын және іс-қимыл журналын (логтарды) тексеру күнтізбелік жылдың соңына дейін жүзеге асырылады.
Тыйым салынған заттарды пайдалану және басқа бұзушылық фактілер анықталған жағдайда тестіленушінің ҰБТ нәтижелері жойылады.
МАҢЫЗДЫ: Тестілеу аяқталғанға дейін Жеке кабинетіңіздің логині мен құпия сөзін сақтау керек.
Ескерту: Өтініш беру барысында ТЕСТІЛЕУ ережелерімен мұқият танысыңыздар.
ҰБТ жүргізу кезіндегі тәртіп
Тестілеудің басталуы көп жағдайда сақталуы тиіс тәртіпке байланысты. Басқаша жағдайда түлекке нәтижелерді жою немесе жоққа шығару қаупі төнеді. Тестілеуді тапсыру кезінде түлектің сақтауы тиіс ерекше маңызды сәттерді атап өтеміз.
Тестіленушіге:
- сөйлесуге;
- бір орыннан екінші орынға ауысуға;
- емтихан материалдарымен алмасуға;
- көшіруге;
- дәрісханаға шпаргалкаларды және басқа әдістемелік әдебиетті, калькулятор, - фотоаппарат, мобильдік байланыс құралдарын пайдалануға және енгізуге рұқсат етілмейді.
Түлектің нәтижелерді жоюы және күшін жоюы туралы шешім қабылданған жағдайда ол өзі оқыған мектепте дәстүрлі емтихан нысанында қорытынды аттестатауды тапсырады. Ол ағымдағы жылы ЖОО түсу құқығынан айрылады.