«Дәрумендер жыл бойы»
2026 жылдың 13 ші қаңтар күні Аспара жалпы орта білім беретін мектептің 1-сыныбында «Дәрумендер жыл бойы» тақырыбында жоспарлы тәрбие сағаты өткізілді. Аталған тәрбие сағатын 1-сынып жетекшісі Б.Тәжиева ұйымдастырып, өткізді.
Тәрбие сағатының негізгі мақсаты – бастауыш сынып оқушыларына дәрумендердің адам ағзасы үшін маңызын түсіндіру, дұрыс және пайдалы тамақтану дағдыларын қалыптастыру, салауатты өмір салтын ұстануға баулу. Сонымен қатар, оқушылардың танымдық қызығушылығын арттыру, сөздік қорын молайту және өз ойларын еркін жеткізе білу қабілеттерін дамыту көзделді.
Іс-шара барысында оқушылар дәрумендердің түрлері (А, В, С, D және т.б.), олардың адам денсаулығына тигізетін пайдасы туралы мағлұмат алды. Мұғалім күнделікті тағам құрамында кездесетін дәрумендерге бай жеміс-жидектер мен көкөністер туралы түсіндіріп, олардың жыл мезгілдеріне байланысты тұтынылу ерекшеліктеріне тоқталды.
Сабақ барысында оқушыларға түрлі танымдық тапсырмалар ұсынылды. Атап айтқанда, «Пайдалы және зиянды тағамдар» ойыны, дәрумендерге байланысты жұмбақтар, сұрақ-жауап жұмыстары ұйымдастырылды. Оқушылар тапсырмаларды белсенді орындап, өз ойларын ортаға салды. Бұл балалардың қызығушылығын арттырып, тәрбие сағатының мазмұнын аша түсті.
Тәрбие сағатының соңында оқушылар дұрыс тамақтанудың, дәрумендерді жыл бойы үздіксіз қабылдаудың денсаулықты нығайтудағы маңызы туралы қорытынды жасады. Балалар пайдалы тағамдарды күнделікті өмірде тұтынуға уәде беріп, алған әсерлерімен бөлісті.
Қорытындылай келе, «Дәрумендер жыл бойы» тақырыбындағы тәрбие сағаты жоғары деңгейде, мақсатқа сай және мазмұнды өтті. Іс-шара оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес ұйымдастырылып, тәрбиелік мәні зор болды.